ӘЖЕНІҢ ӨСИЕТІ.. (газет оқып отырып өзіме ұнаған соң, сіздермен бөлісемін)
Қарт әже қаладағы баласының үйіне үш-төрт күнге қонаққа келеді. Күн ауа бастағанда келіні залдағы отырған апасы мен немересіне:
«Келіңіздер, тамақ дайын, суытпай ішіп алыңыздар!» – дейді.
Бала әжесінің әлі отырғанын байқап: «Әжетайым, жүріңіз тамақ ішейік!» – дейді. Әжесі ренішті халде: «Үйдің еркегі келмей тұрып дастарханға отыру дұрыс емес. Қазір әкең келсін, бірге отырып ішеміз», – дейді. Келіні: «Апа, ол бұрыннан қалған әдет, қазір қарны ашқан адам дастарханға отырып, тамағын жей береді!» – десе, әжесі: «Қызым, адамдардың әдебі, ар-намысы болатындай, үйдің де әдеп-тәртібі болады», – дейді. Бұл сөз өзіне ерсі көрінген немересі мырс күліп: «Әжетайым, үйлердің әдебі қандай болады екен? Бізге айтып берсеңізші онда!» – дейді. Әженің әңгімесі былай басталды.
«Кішкентай кезімізде аналарымыздан әкелеріміздің қасында әдепті болуды үйренетін едік. Үйде әкеміз, анамыз бар кезде аяғымызды созып отырмайтын едік. Ал, үлкендер сөйлеп жатқанда сөз кезегі берілмейінше сөзге араласпайтынбыз. Үлкендер үйге кірген кезде дереу орнымыздан тұрып, оларға орын беретінбіз. Ешқашан әкемізден бұрын дастархан басына отырмайтын едік. Әкеміз келіп, тамақты «Бисмилләһпен» бастап, «қане, тамақтан алыңдар» деген кезде ғана бастаймыз. Сосын астан кейін дастархан дұғасын кезектесіп оқимыз. Ешбір тамақ, отбасыңмен бірге отырып жегендей болмайды. Осы нәрселер дастарханның әдебі болып саналады, балам!» – деді әжесі. Сонда немересі тұрып: «Әжетай, осыншама қысымнан күйзеліске түспейтін бе едіңіздер?» – деп сұрайды. «Жоқ, бұл қысым емес, бұл бір-бірімізге деген сый-құрмет, махаббат болғандықтан, бұдан ешкім күйзеліске түспейтін. Тағамдар дәмді, ұйқымыз да тыныш еді. Сенесің бе? Мен алғаш рет «стресс» сөзін осы жерде естідім. Біздің ауылымызда ақыл-есінен айрылған бір кісі бар болатын. Барлығы оны «жынды» дейтін. Тіпті, соның өзі бақытты жан еді. Оның өміріне ризалығы соншалық, айтып түсіндіре алмаймын. Кешке дейін көшеде балалармен ойнайтын. Қарны ашқан кезде кез-келген үйдің есігін қағып, «менің қарным ашты, жейтін нәрсе беріңдерші!» дейтін. Қай үйге кірсе де, қолы бос шықпайтын. Шашы өсіп кеткенде бір шаштараз шашын алып, моншашы жуындырып қоятын. Жұма күндері қолынан ұстап, намазға да ертіп апаратын. Яғни, ешкім оны шеттетпейтін. Қазір болса, ешнәрсеге құрмет көрсетілмейді. Қараңдар, бұл қалада, тіпті, үйлерге де құрмет көрсетілмейді!».
«Үйдің әдебі – пердесінің жабылып, жабылмағанынан белгілі болатын»
«Кеш батқанда ешкім үйлерінің перделерін жаппайды, үйлерінің іші көрініп тұрғанынан ешкім ұялмайды. Ал, біз қараңғы түспей тұрып-ақ қалың перделерімізбен жауып, содан соң үйдің жарығын қосатын едік. Киім ауыстырар кезде, тіпті, перделер жабық болса да, ұяттылығымыздан жарықты сөндіріп, жерге отырып ауыстыратын едік. Сырттан қарағанда, көлеңкеміздің көрінетінін ойласақ, жүзімізден от шығардай қызарып кететін еді». Сол мезетте келіні орнынан тұрып, залдың пердесін жабады.
«Үйдің әдебі пердесінің жабылып, жабылмағанынан белгілі болатын» деп айтатын аталарымыз. Үйлер биік-биік дуалдармен қоршалған болса да, жуылған іш киімдерін аулаға іліп қоюға үйіндегі адамдардан ұялатынбыз. Ешкім ауланың ортасына іш киімдерін жайып қоймайтын. Бір күні әлі жас кезімде іш киімімді ең бірінші жіпке іліп қойыппын. Кейін анам келіп:
«Қызым, бүгін әкең аулаға шығып, сенің жайылып тұрған іш киіміңді көргенде, ұялғанымнан жерге кіріп кете жаздадым. Бұдан былай іш киімдеріңді бірінші жіпке ілме, ең соңындағы жіпке іліп, үстінен жұқа матамен жауып қой, астындағы киімің көрінбесін! Әдебімізден, ар-намысымыздан айрылсақ, иманымыздан да айрыламыз!» деген еді.
Мен ол кезде 12 жаста едім. Анамнан бұл сөздерді естігенде, ұялғаннан өзімді қоярға жер таппадым. Қазір ондай әдеп қалмаған сыңайлы. Кеше таза ауа жұтайын деп балконға шықсам, қарсыдағы көрші іш киімдерін балконына жайып қойыпты. Мен мұны көріп, ұялғанымнан үйге кіріп кеттім».
«Ішіп-жемге де ие болу керек»
«…Қазіргі күнде көбісі көшеде тамақтанады. «Көз ақысы» деген нәрсе бар. Адамдар базардан алған заттарын іші көрініп тұратын дорбаларға салып, үйіне алып келеді. Бұл заттарды алуға жағдайы келмейтін адамдар бар. Яки, көз ақысы өтеді, қызғаншақтық, көреалмаушылық пайда болады. Бұған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Әркімнің көзі түскен мұндай тағамдарда шипа болмайды. Пайғамбарымыз: «Жасаған тағамдарыңның исімен көршілеріңді мазаламаңдар» деген. Қазіргі таңда адамдар тағамдардың иістерін мүңкітіп, оларды баршаға көрсету арқылы айналадағы адамдардың мазасын алады. Әрине, әлгі желінген тағамдардан өздері азапталады. Кейін «стресс» деп дәрігерлерге барады. Үйдің тағы бір әдебі бұл. Ең маңыздысы да осы болса керек. Үйдің ішінде болып жатқан ұрыс-керістер, әртүрлі жағдайлар сыртқа шықпауы тиіс. Бұл да үйдің әдептерінен болып саналады. Сондықтан, бұрын келеңсіздіктер үйдің ішінде оңай шешілетін еді. Онсыз да сүйікті пайғамбарымыз, әсіресе, ерлі-зайыптылардың арасында болатын ұрыс-керістерді сыртқа жаюдың үлкен күнә екендігін қаншама рет айтқан, солай емес пе, Айсұлу!» – деп келініне қарайды. Келіні ұялғанынан: «Иә, анашым», — деп жауап берді. Немересі: «Әжетайым, қазір фэйсбук, инстаграмм деген нәрсе шыққан. Адамдар барған кафелерінде жеген тағамдарын суретке түсіріп, мыңдаған достарына көрсетеді!» — деді. Әжесі: «Не деген сұмдық! Адам жеген тағамдарын көрсете ме?» – дейді. Немересі: «Әжетайым, сосын әрбір әрекеттерін суретке түсіреді. Қыдырған жерлерін, жеген тағамдарын, ішкен сусындарын, сатып алған киім-кешектерін де суретке түсіріп, достарымен бөліседі», – дейді.
Әжесі: «Балам, не айтып тұрсың? Қиямет қайым басталды десеңші», – деп, көз жасын сүртіп, сөзін жалғастырады.
«Ерімізден бір қадам артта жүретін едік. Неге?»
«Біз күйеуіміздің жанында жүруге ұялатын едік. Қаншама жесір қалған әйелдер, тұрмыс құра алмаған қыздар бар. Олардың көңіл жараларына тұз баспайық деп, ерімізден бір қадам артта жүретін едік. Қазір ұрыс-керіс те, жақсы көру де адамдардың көз алдында болуда. Әрине, құпиялық қалмаған соң, адалдық та қалмайды. Үйдің берекесі – үлкендерге құрмет көрсетуде. Үйдің әдебі – жабылған перделерде. Махаббаттың әдебі – жасырын болуда, көздің әдебі – көздің қабақтарында. Дененің әдебі – оранған, киінген болуында. Ал, ұят – иманнан. Мен сендерге анамның айтып берген бір ғибратты оқиғасын айтып берейін. Негізінде, бұл бір хадис құдси:
«Алла Тағала Адамды (ъәләйһиссәләм) жаратқан кезде Жәбірейіл (ъәләйһиссәләм) оған үш сыйлық алып келеді. Ілім, ұят және ақыл. Алла Тағала оған: «Ей, Адамдар! Осылардан қалағаныңды таңда!» — дейді. Адам (ъәләйһиссәләм) ақылды таңдайды. Жәбірейіл (ъәләйһиссәләм) ұят пен ілімге орындарына қайтуын әмір етеді. Сонда ұят пен ілім былай деп жауап береді: «Біз рухтар әлемінде бірге едік. Бір-бірімізден ешқашан айрылмаймыз. Рухтар денелерге кіргеннен кейін де бірге боламыз. Ақыл қайда болса, біз де сондамыз» дейді. Жәбірейіл (ъәләйһиссәләм): «Олай болса, орындарыңа орналасыңдар!» деп әмір еткен кезде, ақыл миға, ілім көңілге (жүрекке), ал ұят көзге орналасады». Осы хадис құдсиде де айтылғандай, ұяттың орны – көз. Сондықтан, әрі көзімізді қорғау керек, әрі көзге түсетін нәрселерді де бақылауда ұстау керек», – дейді әже. Келіні: «Дұрыс айтасыз, анашым. Біз әдебімізді жоғалтқандықтан, қиыншылықтарға тап болдық», – десе, немересі қасығын жай қойып: «Мен тамақты әкем келгенде ішемін, анашым!» — дейді.
Әжесі де айтқан сөздерінің балаларына әсер еткендігін көріп, Аллаға шүкіршілік етті.
Дина АҒМАНОВА.